Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің қызметін мемлекеттік қолдау және ынталандыру мақсатында Қарағанды облысы әкімінің жыл сайынғы «Алтын сұңқар» сыйлығын табыс ету байқауы өткізіледі.
Байқауға
Қарағанды облысының аумағында қызметін жүзеге асыратын, байқау жылы ішінде жарияланған және мемлекеттік саясатты, Қарағанды облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын кәсіби, объективті және жүйелі түрде жариялауға, мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды түсіндіруге, сондай-ақ құқықтық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған материалдарды ұсынған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жіберіледі.
Басым тақырыптық бағыттар:– облыстық деңгейде мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік бастамалар мен реформаларды түсіндіру;
– «Заң мен тәртіп» қағидаттарын ілгерілету, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру;
– «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыруды қоса алғанда, экологиялық күн тәртібі;
– облыстың әлеуметтік дамуы, оның ішінде халықты әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, азаматтардың осал санаттарын қолдау, білім беру, мәдениет және спорт салаларын дамыту, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және медициналық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері;
– ауыл шаруашылығы мен ауылдық аумақтарды дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, аграршыларды қолдаудың мемлекеттік шараларын іске асыру, ауылдық инфрақұрылымды дамыту;
– өңірдің индустриялық және инвестициялық дамуы, жаңа өндірістерді іске қосу, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өнеркәсіпті жаңғырту;
– кәсіпкерлікті қолдау және шағын әрі орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қолдау құралдары, қаржыландыру бағдарламалары, іскерлік ортаны дамыту;
– ғылымды, инновациялар мен цифрландыруды дамыту, мемлекеттік басқаруда, өнеркәсіпте, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында цифрлық технологияларды енгізу, IT-секторды және өңірдің ғылыми әлеуетін дамыту;
– облыстың инфрақұрылымдық дамуы, оның ішінде инженерлік желілерді, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды салу мен жаңғырту;
– туристік саланы дамыту.
Лауреаттарды іріктеу Қарағанды облысының редакторлары мен журналистерінің дауыс беру қорытындыларын ескере отырып, Комиссияның келіп түскен материалдарды қарауы арқылы жүргізіледі:
http://altynsunkar.akimat09.kz/#nominations Комиссия келесі критерийлерді ескере отырып, кәсіби бағалау негізінде әр номинация бойынша бір жеңімпазды айқындайды:
– тақырыптың ашылу тереңдігі және материалдың халықты ақпараттандырудағы маңыздылығы;
– ұсынылған ақпараттың объективтілігі мен шынайылығы;
– материалды ұсынудағы аналитикалық және шығармашылық тәсіл;
– халықтың мемлекеттік саясат және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабардарлық деңгейіне ықпалы;
– заманауи форматтар мен мультимедиялық құралдарды қолдану.
Сыйлыққа үміткерлерді ұсыну Қарағанды облысының бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, мемлекеттік органдар (басқармалар), Қарағанды облысы қалалары мен аудандарының әкімдері, кәсіби журналистік қоғамдастық өкілдері арқылы жүзеге асырылады.
Қарағанды облысының аумағында ресми тіркелген және кәсіби қызметін дербес жүзеге асыратын журналистер мен медиажобалар авторларының өзін-өзі ұсынуына жол беріледі.
Байқауға өтінімдер 2026 жылғы 26 мамыр мен 10 маусым аралығында келесі сайт арқылы қабылданады:
http://altynsunkar.akimat09.kz/#nominations Өтінімге мыналарды қоса тіркеу қажет: фотосурет; Word құжатындағы өмірбаян; жарияланған журналистік жұмыстарға, материалдарға сілтемелер. Бір автор екі номинациядан артық ұсыныла алмайды.
Қарағанды облысы әкімінің БАҚ қызметкерлеріне берілетін сыйлығы лауреаттарын іріктеу туралы Ережеге сәйкес, сыйлықты алғаннан кейін жеті жыл ішінде оны қайтадан тағайындауға жол берілмейді.